Бас директордың таныстырылымы

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ұлттық компаниясы «Өріктау Оперейтинг» ЖШС Бас директоры лауазымына Айбек Сырлыбайұлы Умировты тағайындау туралы шешім қабылдады. Серіктестіктің басшы құрамы мен еңбек ұжымына жаңа Бас директордың таныстырылымы 19 қазанда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Орынғазыұлы Есқазиевтің Ақтөбе қаласына жұмыс сапары барысында өтті.

Осы уақытқа дейін «Өріктау Оперейтинг» ЖШС Бас директоры қызметін Амангелді Сатыбалдыұлы Таспихов атқарды.

Умиров Айбек Сырлыбайұлы 1984 жылы дүниеге келген. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша бітірген (Инженер). Еңбек жолын «Фирма АДА Ойл» ЖШС-нде ұңғымаларды сынау және игеру инженері болып бастаған. Ұңғымаларды бұрғылау мен игеруде үлкен тәжірибесі бар. 2019 жылдың маусым айынан бастап «KMG Drilling & Services» ЖШС Әзірбайжан Республикасындағы филиалының директоры болып жұмыс істеді.

«Өріктау Оперейтинг» ЖШС бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ маңызды және күрделі инвестициялық жобаларының бірі болып табылады, оның алдында үлкен міндеттер тұр. Ағымдағы жылдың соңына дейін Шығыс Өріктау кен орнынан Gas Processing Company-ге ілеспе газ беру үшін жерүсті жайластыру объектілерін іске қосуды сәтті жүзеге асыру, 2023 жылы барлау кезеңінен келісімшарт бойынша өндіру кезеңіне уақтылы көшуді жүзеге асыру, 2025 жылдың соңына дейін барлық жерүсті инфрақұрылымын дайындап, Өріктау кен орнының газ конденсатты шоғырын әзірлеуді бастау қажет. Бүгінгі ҚР ішкі нарығындағы газ көлемінің тапшылығын ескере отырып, Өріктау жобасын іске асыру бүкіл Ақтөбе өңірі үшін стратегиялық маңызды. Осыған байланысты Сізге қажымас қайрат, талмас қанат және жұмыста сәттілік тілей отырып, ең бастысы, компания ұжымының қолдауын тілеймін!» - деп Құрманғазы Орынғазыұлы Ә.С. Умировқа сөйлеген сөзінде атап өтті.

Кездесу «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығының назарына 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «Өріктау Оперейтинг» ЖШС қаржы-шаруашылық қызметінің презентациясын ұсынумен аяқталды.