You are currently viewing Шығыс Өріктау кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді

Бүгін Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында Шығыс Өріктау кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

Шығыс Өріктау кен орны 2015 жылы ашылған (өндірілетін мұнай қоры – 4,7 млн тонна, мұнайда еріген газ қоры — 2,5 млрд текше метр).

Кен орны өнім құрамында күкіртсутектің көп мөлшерде (3,5% және одан да көп) болуына байланысты көмірсутектерді өндіру бойынша күрделі жобаларға жатады. Кен орнының іске қосылуы қолданыстағы мұнай-газ кен орындары қорларының сарқылуы аясында елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көмірсутек шикізатының қорын ұлғайтуда ерекше маңызға ие.

«Өріктау Оперейтинг» ЖШС Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Жақсартылған моделдік келісімшарт шеңберінде осы кен орнын өнеркәсіптік игеруге көшті, бұл Өріктау жобасының экономикасына айтарлықтай оң әсер етті.

«Бүгін біз еліміздің мұнай-газ саласындағы маңызды оқиға ‒ Шығыс Өріктау кен орнының өнеркәсіптік өндіріске қосылуының куәсі болдық. Осы Шығыс Өріктау кен орнын игеруге қолданылып отырған  «Жақсартылған модельдік келісімшарт» ‒ Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысы шеңберінде берілген салық преференцияларын қолдану арқылы мұнай-газ кешеніне инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес  үкіметтің жер қойнауын пайдалану саласында жүргізген реформаларының нәтижесі», — деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешев.

Шығыс Өріктау кен орнын одан әрі дамыту барысында қосымша тоғыз пайдалану ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр, бұл мұнай өндіру көлемін жылына 200 мың тоннаға, ал ілеспе газ өндіруді 100 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ішкі нарықтағы газ тапшылығына байланысты Өріктау жобасының іске асырылуы стратегиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды. Кен орнын іске қосу Ақтөбе өңірі үшін тауар және сұйытылған газдың қосымша көлемін алуға мүмкіндік береді.

2024 жылы Шығыс Өріктауда 89 мың тонна мұнай және 46 млн текше метр газ өндіріледі деп күтілуде.

Сонымен бірге Шығыс Өріктауды іске қосу — Орталық Өріктау кен орнын толық көлемде игеру жолында маңызды қадам.

Орталық Өріктау газ конденсатты кен орны және табиғи газдың едәуір қоры бар. Осы учаскеде жылына 1 млрд текше метр көлемінде газ өндіру жоспарлануда.

Бұған дейін 2020 жылы Шығыс Өріктау кен орнында сынамалық пайдалануға берілу аясында Шығыс Өріктау-1 және 2 ұңғымаларын консервациялау, игеру және кейіннен сынамалық пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүргізілді.